Коммунальное государственное казенное предприятие

Аркалыкский политехнический колледж

21/11/2024  Четверг
        8 (71430) 7 59 83
Костанайская область, г. Аркалык, улица Абая 112

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ

Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді.

Халық даналығы

Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді - дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық-адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, ал, біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Міне, сондай игі істі атқаруда Арқалық политехникалық колледжі де қалыс қалған емес. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады. Осы орайда Арқалық политехникалық колледжінде білім алушылар мен қызметкерлер, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында 3–28 ақпан аралығында «Жаны жүрек – жомарт қол» атты бір айлық қайырымдылық акциясы өткізілді. Іс-шара барысында қызметкерлер үшін колледж дәлізіне «HELPER BOX» жәшігі қойылды. Сонымен қатар, білім алушы топтар арасында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында білім алушылар тәтті тағамдар және қолдан жасалған бұйымдарын сатылымға шығарды. Жәрмеңкеден түскен қаражатқа аз қамтылған, көп балалы және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған білім алушыларға көмек көрсетілді. Осы акция өткізілу барысында колледжіміздің еріктілер тобы мен білім алушы топтар, топ жетекшілерімен бірлесе отырып алдын-ала жүргізілген жеребе бойынша қаламыздың қарт кісілеріне, ардагер аталарымызға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сонымен қатар мекемелерге қыстан түскен қалың қарды аршуға қол ұшын созды.

Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды . Ең алдымен анаңа, содан соң Отанына жақсылық жаса. Жақсылық - қайырымдылық қай кезеңде болмасын адам баласына тән қасиеттер. Адам баласын сүт қоректілердің ішінде ең жоғарғы сатыға көтеріп тұрған да осы қасиеттер. Қолдан келгенше көмек беру –қай адамға да тән. Адамның жанына жалау боларлық жылы сөздің де, өзінше әсері бар. Көңіліңді жадыратып, көтеріп тастайтыны сөзсіз.

Акциямызды қорытындылау іс-шарасы алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп, концерттік бағдарлама арқылы жалғасын тапты. Концерт барысында колледжіміздің директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Ахметова Салтанат Серікқызы білім алушыларға және қызметкерлерге өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, мерекемен құттықтады. Қазақ елі ежелден жетімін жылатпаған , жаттың қолына жаутаңдатпаған халық. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы- жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып , жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жақсылық жасау- имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар , игі іске ұмтылыс-асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық.

Арқалық политехникалық колледжінің

әлеуметтік педагогы Искакова М.Б және

педагог-психолог Дакар А.Б