Коммунальное государственное казенное предприятие

Аркалыкский политехнический колледж

23/11/2024  Суббота
        8 (71430) 7 59 83
Костанайская область, г. Аркалык, улица Абая 112

Қыз баланы тәрбиелеу өте нәзік, үлкен жауапкершілікті талап ететін процесс. Қазақ халқының қызды ерекше қастерлеген, тұңғыш болып өмірге келсе, «ырыс» деп бағалаған. «Елдің көркі» деп олардың жүрегін жылылыққа бөлеп жандарын жаманшылықтан алыстап өсірген. Оның себебі – қыздың болашақ ана екендігін ескергендігінен. Иә, кеше ғана іңгәләп туған қыз бөбегіміз, уақыт өте шығып, бүгін, міне, сұлу бойжеткен болып отыр. Жасөспірім шақта есейген сезім пайда болып, ұл мен қыз ретінде бір-біріне деген қызығушылықтары оянады. Сол кезде ер балалардың қыздарға деген ғашықтық сезімі пайда болып, ұлдардың қыздарға құштарлығы күшейе бастайды, олардың қарым-қатынастарында көп жекешелену пайда болады.

Телехикаяларда ғана емес, күнделікті өмір де де қыз баланың жүкті болып қалуы жиі кездеседі. Сол баяғы шалысқан адам өкінген қыз, опасыз жігіт ісін асырға шаптырғаннан кейінгі жағдай осы. Әдетте қызға қырық үйден тыйым деп, көбінесе қыз баланы қатал ұстаймыз, қатаң талап қоямыз, бірақ қыз үйде болғанымен қылығы түзде демекші, бой жетіпкележатқан бойжеткенге сыртқы орта мен жаныңдағы құрбы-құрдастарының тигізетін ықпалы көп.

Әрине, жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір, отау көтерер жасқа жеткенде олардың бір-біріне көз салуы, сөз салуы заңды. Дегенмен, мәпелеп өсірген қыздарымыздың жігітпен байланысы қалай болуы керек? Ендеше, осы сұраққа жауап алу үшін Арқалық политехникалық колледжінде «Қыз тәртібі – ұлт тәртібі» атты дөңгелек стол өткізілді.Құрметті қонақтарымыз аналар кеңесінің мүшесі, оқу ағарту ісінің үздігі, облыстық меценаттар сыйлығының лауреаты – Жақыпбекова Қарлығаш апай; асыл ана, мейірімді әже, Арқалық аймақтық перзентханасының қадірлі дәрігер-гинекологі Тулегенова Бағдат Абдрасуловна және Арқалық қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Байдосова Еркегүл Терімжанқызы. Ерте жыныстық қарым-қатынасқа түсудің салдары қандай болады, сексуалды зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз не, одан қалай сақтануға болады,отбасындағы қыз тәрбиесі мәселелеріне тоқталып, қонақтарымыз бен студенттердің арасында ашық әңгіме болды. Қыздарымыздың мазалап жүрген сұрақтарына жауаптар табылып, дөңгелек столымыз өте қызық, бастысы мағыналы болды.

Қорытындылай келе айтарым, үлгілі семья құру, өнегелі ұрпақ өсіру үшін халқымыз ерте кезден тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлген. Соның ішінде жастарды отау тігуге даярлау, жыныс тәрбиесіне байланысты көп әңгімелер айтылды. Бала, негізі, отбасында жыныстық тәрбиенің әліппесін үйренуге тиіс. Егер ата-ана жыныстық тәрбиеге көңіл бөлмесе, ол өзінің баласы алдында парызын толық өтеді деп есептеуге болмайды деп ойлаймын. Баламыз интернет желісінен немесе «даладан» ақпарат іздегенше, өздіріміздің көңілімізді аямай, жылы сөйлесіп, ашық әңгімеге тартып, ақыл- кеңестерімізді айтып отырайық!

Арқалық политехникалық колледжінің психологі

Ахметова Салтанат Сериковна